• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Сәуір, 23:21:52
Алматы
+35°

24 Тамыз, 2019 Барлық аймақтар

Мемлекеттік қызметкер: Ол  қандай болуы керек?

Әкім мен оның атқамінерлері халыққа жақын болуы тиіс

Бұл сауалдың қойылуы заңды. Шындығында мемлекеттік тапсырмалардың орындалуы, қызметкердің ел алдындағы жауапкершілігі мұның барлығы билік дәлізіне аяқ басқан адамға қажет-ақ. Бірақ мемлекеттік қызметтің Б корпусына енген  (А корпусы туралы әзірге айтпа қоя тұралық) әрбір жас алдымен нені білуі керек? Әрине олар алдымен арнайы тест тапсырады. Мұның барлығы белгілі. Дегенмен, сынақтан сүрінбей өткендерге айтар тілек бар: әлімсақтан мемқызметтің жауапкершілігі күшті болған. Оны сезіне білген адам ғана  түсінеді. Әрине мемлекеттік қызметтің дәрежесі және мәртебесі бар. Тіпті сонау 2010-2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында әрбір мемлекеттік қызметшінің қандай болуы керектігі де атап көрсетілген. Ендеше құқықтық сяасат тұжырымдамасынан бірер мысал келтірелік.

« Әрбір мемлекеттік қызметші өзінің жұмыс орнында өздерінің мемлекеттік биліктің мүддесін білдіретінін түсінуі, осыған орай азаматтардың әрбір пікіріне барынша мұқият және мүдделілікпен қарауы, қай жерде және қандай себеппен туындаса да, туындаған жанжалдардың алдын алуға, не болдырмауға тиіс».. Әрине мемлекеттік қызметке келген азаматқа қойылар талап көп шығар. Бірақ ең бастысы, мынада: Осының барлығы құқықтық саясат тұжырымдамасында тайға таңба басқандай атап көрсетілген. Бізде мықты заң-закондар жеткілікті екен. Тек осыны билік дәлізіне кіріп, кең кабинетте отырған кейбір шенеуніктер түсіне білсе екен дейміз. Түсіне де бастады.

Жалпы мемлекеттік қызметтің барған сайын мәртебесі өсіп, жауапкершілігі арта беретін болады. Тоқаев Президент болғаннан кейін көп ұзамай бір агенттікті екіге бөлді. Бірі –Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросы, екіншісі Мемлекеттік қызмет істері агенттігі. Екеуі де Президентке тікелей бағынады. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Президент жарлығында айтылғандай, мемлекеттік қызмет жүйесін өсіреді, мәртебесін көтереді. Сонымен қатар, жемқорлыққа қарсы іс-қимылды одан ары жетілдіретін болады.

Қарапайым халық өздері істемеген соң сезіне бермеуі мүмкін. Негізінде мемлекеттік қызмет ауыр, кейде белгілі бір уақытқа сыймайды.  Мұны осы салада жұмыс істеген адам ғана біледі. Сондықтан да болар, Президент Тоқаев 1 маусымнан бастап, мемлекеттік қызметте істейтіндердің жалақысын көтеруді тапсырды.

Жалпы мемлекет осы салада күн-түн демей жұмыс істейтін қызметкерлерді қолдауды тұрақты түрде жалғастырып келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Президент Жарлығымен олардың кәсіби мерекесі белгіленді. Нақты айтар болсақ, 23 маусым –мемлекеттік қызметкерлердің күні. Базбіреулер «Қазақстанда онсыз да әр саланың, әр кәсіптің  өз мерекесі бар. Мұның қажеті қанша?»  деуі мүмкін. Алғашқыда осы типтес әңгімелер де айтылды. Бірақ  бұл тұтастай алғанда, әрбір мемлекеттік қызметшінің ар, абыройын, имиджін көтеруге арналған. Сондай-ақ қызметке сіңірген еңбегі үшін «Үздік мемлекеттік қызметші» дәрежесін беру де белгіленді. Мұндай атақтар мен дәреже қызметшілерді ынталандырады. Нақты айтқанда мемлекеттік қызметкер болу–үлкен жауапкершілікті талап етеді. Елбасының Қазақстан -2050 стратегиялық Жолдауында «халыққа және мемлекетке қызмет етуді барлығынан жоғары қоятын кәсіпқой мемлекеттік аппарат  қалыптастыру міндеті тұр» деп атап көрсеткені белгілі. Өйткені...

Мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын қиын, уақытқа бағынбайды деуіміздің себебі бар. Өйткені кез келген оның қабылдауына кірген адам мәселесінің тезірек шешілуін талап етеді. Сондай-ақ үлкен үмітпен келеді. Бірақ қабылдаудағы адам мұны түсіне бермейді. Жедел шешімін табатын да, ұзақ уақыттан кейін шешілетін де мәселе бар. Осындай сәтте мемлекеттік қызметшілер келушіні сыпайы қабылдап, жағдайды барынша түсіндіруі керек. Сонда ғана келген адам оның парасаты мен өзін-өзі ұстау мәдениетіне ризашылдықпен аттанып кетеді.  Мұндай парасаттылық дәл қазіргідей жағдайда өте керек. Өйткені өзі шеше алмаған қордаланған проблемаларды алға тартып, дереу болса, әкімдіктің алдына жиналып, даңғаза жасап,  шулап жүргендерді сабасына түсіру оңайға соқпайды. Сондықтан кәп нәрсе кәсіби біліктілік пен жауапкершілікке, сыпайы сөйлеу алуға байланысты. Оның үстіне кез келген мамандық иесінен мемлекеттік қызметкердің дәрежесі мен мәртебесі жоғары тұрады. Ол түсінікті жайт. Қарапайым халық сондықтан әкімдіктегі шенеуніктен қолдау күтеді, әділдік іздейді. Солар арқылы түйткілді мәселесін жедел шешкісі келеді. Мен айтар едім, бүгінгідей қым-қуыт кезеңде мемлекеттік қызметкердің мәртебесі барған сайын арта түседі. Мұны халық та, биліктің қай бір лауазымында болсын жүрген мемлекеттік қызметкерлердің өздері де бұрынғыдан да айқын түсіне бастағандай.  Мәселе мынада: халыққа ешқашан қоқан -лоқы жасап, дауыс көтеруге болмайды. Мейлі, олардікі заңсыз болса да. Сыпайы сөйлесіп, мұң-мұқтажын тыңдап, шығарып салу керек. Сонда ғана халықтың мемлекеттік қызметкерлерге сенімі артады. Ал біздің кейбір шенеуніктерге не жетпейді?  Осыған қатысты Президент Тоқаевтың былай дегені бар:

–Байқасаңыздар, біздің кейбір шенеу­ніктерімізге жетпей жататыны - қара­пайымдылық, адами қарым-қатынастар. "Әкім бол - халқыңа жақын бол" деп халық бекер айтпайды. Оларға осы сөз бойтұмар болуы тиіс. Ал біздің шенеуніктер халықпен ка­бинетінің немесе қызметтік көлігінің тере­зесінен ғана араласқанды қош көретіндей. Әкімдерді жинаған кеңесте мен бұл әдетті тыюды қатаң ескерттім, - деді Тоқаев.

Жалпы халықтың сауалына  жедел жауап беру үшін  әлеуметтік желілерді жиі және тұрақты пайдалану туралы  Президент Тоқаевтың бастамасы өте дұрыс әрі орынды деп айтар едім. Өйткені кабинетте немесе қымбат сүліктей қара көліктің терезесінен қарап отырып мәселені ешкім шеше алмайды. Бұл шын мәнінде астамшылық болар еді.

Президент Тоқаев өте дұрыс мәселені қозғады.

–Егер халықпен қоян-қолтық жұмыс атқаратын болса, әкімдіктер көптеген өзекті мәселені тиісті дең­гейде тез шеше алады. Бұл аза­мат­тардың билік институтына деген сенімін арттырады,–деді ол.

Демек, бұдан шығатын қорытынды не? Бұрынғы заман өтті,  келмеске кетті. Сондықтан да әкім мен оның атқамінерлері халыққа жақын болуы тиіс. Қазіргі қоғамның шынайы көрінісі мына бір нәрсені айқын көрсетті: Шын мәнінде мемлекеттік қызметкерлер халыққа жақындай түсті. Қордаланған мәселелер тиісті шешімін тауып жатыр.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір